Француздық ғалымдар қазақстандық алманы сақтап қалу қажеттігіне назар аударту үшін деректі фильм түсірді
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Француздық ғалымдар қазақстандағы алма бақтарын сақтап қалу қажеттігіне назар аударту үшін деректі фильм түсірді. Кеше, наурыздың 12-сі күні кешқұрым «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының кинозалында француздық режиссер Катрин Пештің Тянь-Шань тауының бөктерінде түсірген фильмі көпшілік назарына ұсынылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ жерінде түсірілген бұл деректі фильді ғылыми деп те айтуға болады. Картина авторының сөзіне сенсек, алмалардың 165 миллион жылдық тарихы бар. Олардың алғашқысы қазақ даласында, оның ішінде Тян-Шань тауларында пайда болған екен. Жабайы болғанымен жеуге жарамды алмамызды әлемге танытқан Сиеверси ғалымы болғандықтан, оның атауы да «сиеверси» алмасы деп аталып кеткен (Малюс Сиеверси). Қазір әлемде алманың 6 мыңдай түрі бар. Соның бәрі «Малюс сиеверсиден» тараған көрінеді. Алманың бұл түрін кейін белгілі академик Аймақ Жанғалиев жан-жақты зерттеген. Фильмде Сталин заманында жабайы алманы жоймақ болғандарға қарсы шыққан жалғыз қазақ осы кісі болғаны және ол сол үшін жұмысынан қуылып, ұзақ уақыт бойы көпшілік назарынан бойын тасалап жүруге мәжбүр болғаны айтылады.
К.Пеш өз фильмінде алмалардың атасы болып табылатын қазақ алмалары Еуропаға қалай түскенін анықтауға тырысқан. Оның пікірінше, олар жануарлар мен адамдар арқылы, әсіресе «Жібек Жолы» арқылы тасымалданған. Сондай-ақ А.Македонскийден бастап, сол кездегі басқа да қолбасшылар катапульта ретінде алмаларды қолданылғандықтан, оларға деген сұраныс жоғары болған.
Француздықтар 2 мыңнан астам биіктікте, температурасы қыста -40, жазда +40-қа жететін жерде тамаша алмалар қалайша өсетініне қайран қалуда және олардың айтуынша, қазақстандық алмалардың ұзақ уақыт бойы түрлі ауруларға қарсы тұру иммунитеті жоғары. Мысалға, алма ағаштарының арасында кең тараған «парша» саңырауқұлағына қарсы.
Деректі фильмнің соңында, бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттің қамқорлығындағы алма бақтары кесіліп, олардың орнына құрылыстар салынып жатқандығы, мұнай мен газдан пайда көреміз деп жүргенде табиғаттың сыйлаған байлығынан айырылып қалмау қажеттігі айтылды.
Картина А.Жанғалиевтің қатысуымен түсірілді. Өкінішке қарай, белгілі академик жуырда дүниеден озды. Оның артында ізбасары жоқ. Ал оның ұзақ жылдар бойы өсірген алма бақтарына қамқорлықсыз құрдымға кету қаупі төніп тұр. К.Пештің пікірінше, А.Жанғалиевтің керемет алма бақтарына, қазақстандағы жалпы алмалы ормандарға үкіметтің қамқорлығы қажет.