Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Франция мен Испаниядағы алапат орман өрті: 320 мыңнан астам адам эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның оңтүстік-батысында табиғи өрттің салдарынан 220 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Орман өртін сөндіруге шамамен 1 400 өрт сөндіруші, 1 500 әскери қызметкер, 1 700 қауіпсіздік күштерінің қызметкері және арнайы авиация жұмылдырылған, деп хабарлайды 

Франция мен Испаниядағы алапат орман өрті: 320 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Фото: Copyright 2026 The Associated Press

Сенбіге қараған түні Бордо қаласының маңындағы тағы бес елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Жергілікті биліктің мәліметінше, қураған өсімдіктер мен қатты желдің әсерінен өрт өте жылдам таралған.

Сенбі кешіне қарай Жиронда департаментінде тілсіз жау шамамен 32 700 гектар аумақты шарпыды. Өрт сейсенбі күні Сомос коммунасында басталып, апта соңына қарай Ле-Порж және Леж-Кап-Ферре аудандарына жетті. Демалыс күндері жалын Бордо агломерациясы бағытына қарай тарала бастады.

Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Францияға rescEU ортақ еуропалық авиациялық резервінен бес ұшақ пен екі тікұшақ жіберілгенін мәлімдеді.

Франция билігінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері ел аумағында шамамен 100 мың гектар жер өртенген. Елдің Ішкі істер министрі Лоран Нуньес бұл көрсеткішті «тарихи ең жоғары деңгей» деп атады.

Орман өрттері Ланды, Вар және Жоғарғы Альпі департаменттерінде де жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Испанияда Мадрид маңы мен Авила провинциясында орман өрттері әлі де өршіп тұр. Ел үкіметі екі өңірдегі ахуалға байланысты ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай режимін енгізді. Қауіпті аймақтардан шамамен 100 мың адам эвакуацияланды.

Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Еуропалық одақтың азаматтық қорғаныс тетігі өртпен күреске қажетті ресурстарды жұмылдырған. Италия 14 құтқарушы маман мен екі Canadair өрт сөндіру ұшағын, Португалия 129 маман мен 41 арнайы техниканы, ал Грекия 33 маман, екі Canadair ұшағы және бір қосымша әуе кемесін жіберді.

Мадрид автономиялық қауымдастығындағы орталық үкіметтің өкілі Франсиско Мартин Агирре алдағы бірнеше сағаттың шешуші болатынын айтты.

Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтау, жергілікті қауымдастықтарды қорғау және өртті ауыздықтау екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық деңгейдегі билік органдары күш пен ресурстарды біріктіріп жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ зардап шеккен өңірлерге қалпына келтіру кезеңінде мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. 

Айта кетелік Франциядағы орман өртінен 50 мың гектардан астам аумақ жойылып кеткені туралы жазған едік