Франция мен Италия Ливанның оңтүстігіне әскери контингент орналастырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Италия мен Франция БҰҰ-ның Ливандағы уақытша бітімгерлік күштері (UNIFIL) миссиясы аяқталғаннан кейін елдің оңтүстігіне әскери контингент орналастыруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі.
Бұл туралы Франция Сыртқы істер министрлігіндегі дереккөз «Аль-Арабия» телеарнасына мәлімдеді.
Дереккөздің айтуынша, жоба АҚШ пен бірқатар Еуропа елінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жаңа әскери контингент Ливан билігінің ресми өтініші негізінде елдің ұлттық армиясын күшейту және өңірдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында орналастырылады.
— Париж сондай-ақ Ливан мен Израиль арасындағы соңғы негіздемелік келісімге байланысты қауіпсіздік шараларын ескере отырып, күштерді орналастырудың түпкілікті тетігін келісу үшін серіктестермен консультациялар жалғасып жатқанын атап өтті, — деп хабарлады «Әл-Арабия».
2025 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі UNIFIL миссиясын аяқтау туралы қарар қабылдады. Әскерді толық шығару 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Миссия Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату режимін бақылау мақсатында 1978 жылы құрылған болатын.
2006 жылғы қарулы қақтығыстан кейін оның мандаты едәуір кеңейтілді. Контингенттің ең жоғары кезеңдегі саны 15 мың әскери қызметшіге дейін жеткен.
Маусым айының басында Израиль бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ әкімшілігі Ливанның оңтүстігіндегі БҰҰ бітімгерлік күштерін қолдауды тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.
Еске салайық, Италия мен Франция дәстүрлі түрде UNIFIL миссиясына ең көп әскери қызметші жіберетін елдердің қатарында. Жаңа бастама Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони арасындағы келіссөздерден кейін жарияланды.