Франция парламенті үкіметке сенімсіздік вотумын қолдамады

АСТАНА. KAZINFORM — Франция Ұлттық жиналысы Премьер-министр Себастьен Лекорню үкіметіне қарсы сенімсіздік вотумын қабылдамады, деп хабарлайды ТАСС.

Франция парламенті үкіметке сенімсіздік вотумын қолдамады
Фото: ТАСС

Сенімсіздік туралы қарарды 132 депутат қолдады. Алайда үкіметтің отставкаға кетуі үшін бастаманы кемінде 289 депутат қолдауы қажет болатын.

– Сенімсіздік туралы қарар қабылданған жоқ, – деп мәлімдеді Ұлттық жиналыстың төрайымы Яэль Брон-Пиве.

Қарарды Францияның солшыл партиялары ұсынды. Олар үкіметтің аптап ыстыққа дайындық шараларын жеткіліксіз деп бағалап, климаттың өзгеруі мәселесіне қатысты әрекетсіздік танытты деп айыптады.

Бұған дейін Франция, Испания, Португалия және Грекияда ауқымды орман өрті жалғасып жатқаны, соған байланысты билік мыңдаған құтқарушыны жұмылдырып, тұрғындарды жаппай эвакуациялап жатқаны хабарланған болатын.