Франция поштасы Рождество қарсаңында кибершабуылға ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның ұлттық пошта операторы La Poste ауқымды кибершабуылға тап болды. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Дүйсенбіден бері компанияның сайты қолжетімсіз. Сәлемдемелерді жіберу мен жеткізу айтарлықтай қиындап, оларды онлайн бақылау мүмкін болмай отыр.
Ел бойынша пошта бөлімшелерінде қызметкерлер Рождество алдындағы ең қызу кезеңде болған DDoS-шабуылға байланысты наразы клиенттерді сабырға шақыруға мәжбүр.
Сонымен қатар La Poste-тың банк бөлімшесінің клиенттері мобильді қосымшалар арқылы өз аккаунттарына кіре алмай отыр. Ведомство жеке деректердің қауіпсіз екенін мәлімдеді. Уақытша шара ретінде төлемдерді SMS-хабарлама арқылы растауға рұқсат берілген.
Айта кетейік, француз поштасының онлайн сервистеріндегі ақаулар сенбі күні-ақ басталған. Алайда La Poste бұл да хакерлік шабуыл болды ма, жоқ па — нақты айта алмай отыр.
Қазіргі таңда шабуыл үшін ешбір тарап жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.
Бұған дейін бірнеше күн бұрын Францияның Ішкі істер министрлігі де кибершабуылға ұшыраған еді. Өзін хакермін деп таныстырған адам 16,4 миллион француз азаматының деректеріне қол жеткізгенін мәлімдеген. Алайда министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарып, шабуылдаушылар тек бірнеше ондаған құжатты — полиция хаттамалары мен іздеуде жүрген тұлғалар туралы деректерді ғана алғанын хабарлады.
Ішкі істер министрі Лоран Нуньес болған оқиғаны ведомстводағы салғырттық пен «цифрлық гигиенаның» нашарлығымен түсіндірді.
Бұған дейін Луврдағы атышулы ұрлыққа байланысты жаңа мәліметтер пайда болды.