Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы науқас толық жазылып шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Денсаулық сақтау министрі Стефани Рист елде Эбола вирусы анықталған алғашқы науқастың толық сауығып кеткенін хабарлады, деп хабарлайды Euronews.

Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы науқас толық жазылып шықты
Фото: Bild

Министрдің айтуынша, екі рет жүргізілген ПТР-тестінің нәтижесі теріс болғаннан кейін науқас толық айығып, үйіне қауіпсіз түрде шығарылған.

Жазылып шыққан адам — гуманитарлық ұйымның дәрігері. Ол 23 маусымда Конго Демократиялық Республикасынан Францияға ұшып келген. Ұшаққа мінер алдында басы сәл ауырғанымен, сапар барысында жағдайы нашарлаған.

Францияға келген бойда дәрігер оқшауланып, ауруханаға жатқызылды. Онымен байланыста болған бес адам да 21 күн бойы үй жағдайында оқшаулауда болды.

Стефани Рист науқастың ауруды жеңіл түрде өткергенін және оның санитарлық талаптарға толық сәйкес қатаң медициналық бақылауда болғанын айтты.

Эбола вирусы геморрагиялық қызбаны туғызады және бұл дерт көбіне өлімге әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында Эбола қызбасының 1406 расталған жағдайы тіркеліп, оның 438-і өліммен аяқталғаны хабарланған.

Айта кетелік Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелген еді.