Францияда ЕО-ға мүше емес ел азаматтары үшін музей билеттері қымбаттады

АСТАНА. KAZINFORM - Францияда бүгіннен бастап Еуропалық одақ аумағында тұрақты тұрмайтын туристер үшін Лувр, Версаль және өзге де мәдени нысандарға кіру ақысы қымбаттайды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

музей
Фото: X.com/@MuseeLouvre

Елдегі бірқатар ірі музей мен тарихи ескерткіштерде ЕО-дан тыс мемлекеттерден келген азаматтар үшін жоғары тариф енгізілді. Бұл өзгеріс қазақстандық туристерге де қатысты. 

Биліктің түсіндіруінше, мұндай дифференциалды баға саясаты мәдени мұраны сақтауды қаржыландырудың бір тетігі ретінде ұсынылып отыр. Алайда бұл бастамаға жергілікті кәсіподақтар қарсы шықты. 

Олардың айтуынша, мұндай тәжірибе Еуропаның өзге елдерінде де, АҚШ-та да жоқ. 

Енді еуроодаққа кірмейтін елдердің азаматтары әлемдегі ең көп баратын музей — Луврға кіру үшін 32 еуро төлеуге тиіс, бұл ЕО тұрғындарына арналған билеттен 45 пайызға қымбат. Сол сияқты Шамбор сарайына кіру ақысы — 31 еуро, яғни еуропадан келушілерден 10 еуро артық. Ал Версаль сарайына билет бағасы сәрсенбіден бастап тағы 3 еуроға өседі.

Францияның Мәдениет министрлігінің мәліметінше, биыл мұндай баға саясаты Консьержери, Сент-Шапель және Опера Гарнье нысандарына да қолданылады.

— Мен ЕО-ға кірмейтін елдерден келген туристердің кіру билеті үшін көбірек төлегенін қалаймын. Бұл қосымша қаражат ұлттық мұра нысандарын қалпына келтіруге жұмсалуы тиіс. Француздар бәрін өз қалтасынан төлеуге міндетті емес, — деп түсіндірген еді 2024 жылдың соңында мәдениет министрі Рашида Дати.

Алайда бельгиялық басылымдар бұл шешімнің Еуропа мен АҚШ-та баламасы жоқ екенін атап өтеді. Мәселен, Лондондағы Британ музейі — тегін, ал Амстердамдағы Рейксмузей, Мадридтегі Прадо, Берлиндегі Ескі ұлттық галерея келушілерді географиялық шығу тегіне қарай бөлмейді.

Министрлік есебінше, жаңа тарифтік саясат Францияға жыл сайын қосымша 20–30 миллион еуро кіріс әкеледі. Бұл қаржы, соның ішінде, президенттің бастамасымен қолға алынған және құны 1 миллиард еуродан асатын Луврды қайта жаңғырту жобасына бағытталмақ.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айында белгісіз біреулер Луврдан Францияның тарихи мұрасы саналатын құнды әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен. Ұрланған жәдігерлердің кейінгі тағдыры әзірге беймәлім.

Айта кетейік, Лувр - әлем бойынша адамдар ең көп баратын музей.

Осыған дейін Лувр музейінің қауіпсіздік жүйесіне қатысты тағы бір дау шыққаны туралы жаздық. 

Соңғы жаңалықтар