Францияда иммиграцияны шектеу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен елге келетін миграцияны үш жылға уақытша тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды DW.

Париждіктер туризм және «диснеификациямен» күресіп жатыр
Фото: Freepik

Оның айтуынша, Франция шетел азаматтарын қоғамға бейімдеу және сіңістіру мәселесінде «мүмкіндігінің шегіне» жеткен.

Министр Парижге көші-қон саясатын қатаңдатып, ел аумағында қазірдің өзінде тұрып жатқан мигранттарды бейімдеуге басымдық беру қажет екенін айтты.

— Иммиграцияны тоқтатайық, елден шығарылуы тиіс адамдарды шығарайық, визаларды Франция аумағынан кету туралы талаптарды орындауға байланысты берейік және қазір елде жүрген азаматтарды қоғамға бейімдеумен айналысайық, — деді Жеральд Дарманен.

Министр сондай-ақ отбасын біріктіру бағдарламасы арқылы берілетін тұруға рұқсат құжаттарын шектеуді ұсынды.

Бұл Францияда еңбек негізінде тұруға рұқсат алған шетелдіктердің туыстарына қатысты.

Бұдан бөлек, Дарманен миграциялық квота енгізуге мүмкіндік беретін Конституция реформасын қолдады.

Оның пікірінше, мемлекет қабылданатын мигранттардың санын реттеп қана қоймай, олардың шыққан елі мен кәсіби біліктілігін де ескеруі керек.

Францияда миграция мәселесі елдің саяси күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр.

Жаңа мәлімдемелерге Франция Ішкі істер министрлігінің соңғы деректері себеп болған.

Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы Францияда рекордтық 4,5 миллион адамның тұруына рұқсат құжаты берілген.

Олардың әр үшіншісі отбасын біріктіру негізінде рәсімделген.

Франция билігінің мәліметінше, бүгінде елде заңды түрде тұрып жатқан шетел азаматтары ересек халықтың 8 пайыздан астамын құрайды.

Бұған дейін Қазақстан жоғары білікті мамандарды тарту бағытындағы көші-қон саясатын жаңартатыны туралы жаздық.