Францияда қауіпті инфекцияға байланысты Chavegrand ірімшіктері сатылымнан алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда листериоз инфекциясының өршуіне байланысты Chavegrand маркасының бри және камамбер сияқты сұранысқа ие жұмсақ ірімшіктері сөрелерден алынып тасталды, деп хабарлайды Euronews.

Ірімшік
Фото: Canva

Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің дерегінше, 34 пен 95 жас аралығындағы 21 адам сырдан уланған. Екі адам көз жұмды.

Сарапшылар бұл жағдайдың Chavegrand компаниясы өндірген пастерленген сүттен жасалған ірімшіктерді тұтынумен байланысы болуы мүмкін екенін анықтады.

Листериоз – сирек кездесетін, бірақ өлім-жітім қаупі жоғары бактериялық инфекция. Көбіне ол ластанған тағамды тұтыну арқылы жұғады. Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуы, бұлшықет ауыруы, диарея, қалтырау. Жүкті әйелдер, сәбилер, егде жастағылар және иммунитеті әлсіз адамдар қауіп тобына жатады.

Француз билігі тұрғындарға аталған маркалы ірімшікті тұтынбауға, ал жеген жағдайда сегіз аптаға дейін денсаулық жағдайын бақылауға кеңес берді. Дене қызуы көтеріліп, бас ауруы немесе дене сырқырау белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.

Айта кетейік, Францияның 14 департаментінде аптап ыстыққа байланысты «қызыл» деңгейдегі дабыл жарияланды.

Соңғы жаңалықтар