Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Францияда кибершабуылдан зардап шеккен 678 мың адамға хабарлама жіберіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда салық қызметіне жасалған кибершабуылдан зардап шеккендерге хабарлама 17 тамыздан бастап жіберіледі.

Францияда кибершабуылдан зардап шеккен 678 мың адамға хабарлама жіберіледі
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Нақты мәлімет бойынша, шабуыл сайттың шамамен 678 мың пайдаланушысына — жеке тұлғалар мен компанияларға әсер еткен.

Францияның Мемлекеттік қаржы бас басқармасы қаскөйлердің құпия ақпаратты көру және көшіріп алу мүмкіндігіне ие болғанын хабарлады. Жеке тұлғаларға қатысты ұрланған мәліметтердің ішінде есептелген салық салынатын табыс пен төлем көзінен ұсталатын салық мөлшерлемесі болған.

Сонымен бірге ведомство қаскөйлер алған деректер салық қызметінің сайтындағы пайдаланушылардың қорғалған жеке кабинеттеріне кіруге мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

Компанияларға қатысты фирмалық атаулар мен СИРЕН сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер бұзылған.

Мемлекеттік қаржы бас басқармасының мәліметінше, ақпараттық жүйелерге заңсыз кіру 2026 жылдың маусым және шілде айларында болған. Бұған салық қызметі қызметкері мен уәкілетті үшінші тұлғаның есептік деректерін алмастыру арқылы қол жеткізілген.

Мемлекеттік қаржы бас басқармасының бас директоры Амели Вердье зардап шеккендерден кешірім сұрап, бұл шабуылдың ведомство бұған дейін тап болған шабуылдарға қарағанда күрделірек болғанын айтты.

Париж прокуратурасы деректерді алаяқтық жолмен алу және қылмыстық сөз байласу фактілері бойынша тергеу бастады. Тергеу жұмысы Франция Ұлттық полиция бас басқармасының құрамына кіретін Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасына тапсырылды.

Франция билігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғауды күшейтуді де жоспарлап отыр.

Осы мақсаттағы бағдарламаны іске асыруға қазірдің өзінде 200 миллион еуро қарастырылған. Қаражаттың бір бөлігі жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерді дамытуға бағытталмақ.

Бұған дейін Францияның Мемлекеттік қаржы бас басқармасының ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасалғаны хабарланған болатын. Ол кезде зардап шеккендердің нақты саны ресми түрде айтылмаған еді.

Айта кетелік eGov бұзылмады: Министрлік 15 млн адамның дерегі тарады деген ақпаратқа нүкте қойған еді.