Францияда оқушылардың наразылық акциясында 400-ден астам адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылық акциясына қатысқан 400-ден астам адам ұсталды, деп хабарлайды Kazinform ВВС-ге сілтеме жасап.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, ұсталғандардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандар.
Сейсенбі күнгі наразылық кезінде кемінде 10 мұғалім, бірнеше оқушы және құқық қорғау органдарының 48 қызметкері жарақат алды.
Білім министрлігінің мәліметінше, наразылықтан кемінде 400 мектептің қалыпты жұмысына кедергі келтірілген.
Парижде басталып, бірнеше күнге созылған наразылық акцияларында оқушылар мектептерін жауып, сабақ өткізуге кедергі келтірді. Бұған сыныптардың шамадан тыс толып кетуі, мұғалімдердің жетіспеуі сияқты мәселелер түрткі болған.
Француз БАҚ-тарының хабарлауынша, наразылыққа қатысушылар полицияға түрлі заттар лақтырған. Құқық қорғау органдары оларға резеңке таяқ пен көзден жас ағызатын газ қолданған.
Францияның білім министрі Эдуар Жеффрей оқушылардың наразылық білдіруге құқығы бар екенін айтты. Алайда наразылық кезінде күш қолданылғаны туралы хабарларды орынсыз деп бағалап, мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтті.
Сейсенбі күні студенттердің наразылық шараларымен қатар мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіподақтары да жалпыұлттық ереуіл өткізді. Олар жалақының аздығына және еңбек жағдайына қарсылық білдірді.
Хабарламаларға қарағанда, кемінде 200 мың адам қатысқан бұл наразылық шараларының басым бөлігі тыныш өткен.
Бұған дейін Франциядағы оқушылардың наразылығы жүздеген мектептің жұмысына кедергі келтіргені хабарланған болатын.