Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Францияда орман өртіне қатысы бар деген күдікпен 474 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда шілде айының басынан бері ел аумағында болған орман өрттеріне қатысы бар деген күдікпен 474 адам ұсталды. Олардың 183-і кәмелетке толмаған, деп хабарлайды The Guardian.

Францияда орман өрттеріне қатысы бар деген күдікпен 474 адам ұсталды
Фото: EPA

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталғандардың шамамен 70%-ы өртті қасақана қойды деген күдікке ілінген. Қалғандары өрттің абайсыз әрекет салдарынан шығуына себеп болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған.

Ұсталғандардың арасында 15 жастағы жасөспірім де бар. Ол шілде айында Бордо әуежайы маңында болған өртке қатысы бар деген күдікке ілінді. Сол өрттен екі өрт сөндіруші қаза тапқан.

Францияның оңтүстік-батысында өртпен күрес жалғасып жатыр. Ланд департаментіндегі Люглон елді мекенінен 525-тен астам адам эвакуацияланды. Бір тәулікке жетпейтін уақытта өрт 1,1 мың гектарға жуық құрғақ қарағайлы орманды шарпыған.

Өртті сөндіруге 500-ге жуық өрт сөндіруші мен су шашатын алты әуе кемесі жұмылдырылды. Елді мекенге апаратын жолдар жабылды.

Еуропаның басқа елдерінде де орман өрттері жалғасып жатыр. Германияда Хюртген орманындағы өртке байланысты 2 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Хорватиядағы курорттық аймақтағы өрттен бір адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Шамамен 1,2 мың тұрғын мен турист эвакуацияланды.

Испанияда бір өрт 9 мың гектардан астам аумақты жойып, 16 елді мекенді эвакуациялауға себеп болды. Уэльва провинциясындағы тағы бір ірі өрт шамамен 31 мың гектар жерді шарпыды.

Грекияда Халкидики түбегіндегі орман өрті жақындауына байланысты жағажайлардан 500-ге жуық демалушы эвакуацияланды.

Еуропалық Одақтың «Коперник» климаттың өзгеру қызметі Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар өңірінде ұзаққа созылған аптап ыстыққа байланысты өрт қаупі «өте жоғары» деңгейге жеткенін ескертті.

Бұған дейін Францияда рекордтық ыстық пен құрғақшылыққа байланысты 50 департаментте орман өрті қаупіне байланысты қызғылт сары деңгейдегі ескерту жарияланған болатын.

Айта кетелік Францияның оңтүстік-шығысында 400-ден астам өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресіп жатқаны туралы жазған едік.