Францияда жаңа премьер-министр 48 сағат ішінде тағайындалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM  — Франция парламентінің депутаттарының көпшілігі Ұлттық ассамблеяны таратуға қарсы және ымыраға келуге дайын. Бұл жаңа үкімет басшысын 48 сағат ішінде тағайындауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BBC.

Францияда жаңа премьер-министр 48 сағат ішінде тағайындалуы мүмкін
Фото: defense.gouv.fr

Францияның отставкаға кеткен премьер-министрі Себастьен Лекорню француз телеарналарына берген сұхбатында қызметінде бір айдан аз уақыт болғанын және енді премьер ретінде қалуды жоспарламайтынын айтты. Дегенмен, ол істеген жұмысының нәтижелі болғанын жеткізді.

— Өткен жылғы сайлауда Ұлттық ассамблеяда ешбір партия абсолютті көпшілікке ие болмады. Бірақ бүгінде парламентте мерзімінен бұрын сайлау өткізуден бас тартатындардың «абсолютті көпшілігі» бар, — деді Лекорню.

Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, егер парламент таратылып, кезектен тыс сайлау өтсе, онда ультрасол және ультраоң күштер Марин Ле Пен мен Жордан Барделла бастаған «Ұлттық бірлестік» партиясы өз позициясын күшейтеді, ал дәстүрлі саяси партиялар әлсірейді.

Еске салайық, дүйсенбі күні премьер-министрдің отставкасынан кейін Франция Президенті Эммануэль Макрон Себастьен Лекорнюге өз әкімшілігін сақтап қалу үшін екі күн уақыт берген болатын.

Соңғы жаңалықтар