Францияда жаппай наразылыққа байланысты 400-ден астам лицей жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда жаппай наразылық пен тәртіпсіздікке байланысты 2 қазанда 400-ден астам лицейде сабақ онлайн форматқа ауыстырылады. Бұл туралы Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре France 2 телеарнасының эфиріне сілтеме жасап,  ТАСС хабарлады. 

Францияда жаппай наразылыққа байланысты 400-ден астам лицей жабылады
Фото: Азертадж

— Ертең 400-ден сәл астам оқу орны жабылады. Ондағы сабақтар қашықтан өткізіледі, — деді министр.

Ол наразылық білдірушілердің зорлық-зомбылық әрекеттерін және мемлекеттік мекемелерді қиратуға бағытталған әрекеттерді айыптады.

Министрдің айтуынша, апта басынан бері өткен наразылық акциялары кезінде 170 жоғары сынып оқушысы мен 65 білім беру ұйымының қызметкері зардап шеккен.

Эдуар Жеффре оқушылар қозғалысының тым агрессивті топтардың ықпалында қалғанына өкініш білдіріп, кәсіподақтармен және студенттік ұйымдармен диалогты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Жоғары сынып оқушыларының наразылық акциялары өткен аптада Франция астанасы орналасқан Иль-де-Франс өңірінде басталып, қазір бүкіл елге таралған. Наразылық білдірушілер оқу кестесінің шамадан тыс тығыздығына, мұғалімдердің тапшылығына және білім беру жүйесіндегі өзге де мәселелерге қарсылық білдірген.

Кейбір аймақтарда бейбіт акциялар тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығыстар болған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін 2 мыңға жуық адам ұсталған. Олардың 1,8 мыңы қамауға алынған.

Бұған дейін Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылығы күшейе түскенін жазған едік.