Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Франциядағы аптап ыстық пен құрғақшылық: 50 өңірде дабыл жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда аптап ыстық пен құрғақшылық сақталып, орман өрттерінің қаупі айтарлықтай артты. Елдің 50 департаментінде қызғылт сары қауіп деңгейі жарияланды, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Франциядағы аптап ыстық пен құрғақшылық: 50 өңірде дабыл жарияланды
Фото: Copyright 2026 The Associated Press

Meteo-France метеорологиялық қызметінің мәліметінше, қызғылт сары деңгей негізінен елдің солтүстік-батысындағы департаменттерде енгізілген.

Бірқатар өңірде күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Елдің солтүстігіндегі Па-де-Кале департаментінде биыл жаздағы бесінші аптап ыстық толқыны тіркеліп отыр. Мұнда бір күн бұрын басталған орман өрті әлі толық бақылауға алынған жоқ.

Өрт 180 гектар аумақты шарпыды. Бір тұрғын үй тұруға жарамсыз болып қалған.

Иль және Вилен префектурасының мәліметінше, Сен-Жюст ауылында бір күн бұрын басталған орман өрті 200 гектар аумақты қамтыды. Қауіпті аймақтан 96 адам эвакуацияланды. Тілсіз жаумен 208 өрт сөндіруші күресіп жатыр.

Бұған дейін аптап ыстық салдарынан Франция аумағының 85%-ы құрғақшылыққа тап болғаны хабарланған. Сондай-ақ елде ірі орман өрті болған еді.

Ал аптап ыстық пен медузаның көбеюі салдарынан Франциядағы АЭС-тер қуатының бестен бірі істен шықты.