Франциядағы наразылық кезінде 190 оқушы зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның түкпір-түкпірінде қыркүйек айының соңында басталған жоғары сынып оқушыларының наразылық акциялары кезінде кемінде 190 оқушы зардап шекті. Кей жерлерде наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы Францияның Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре BFMTV телеарнасының эфирінде мәлімдеді.
— Қолда бар соңғы мәлімет бойынша, наразылық акциялары басталғалы бері оқушылар арасында 190 адам зардап шеккен, — деді ол.
Министрдің айтуынша, олардың көпшілігі түрлі нысандарға көтерілген кезде биіктен құлап немесе наразылық білдірушілер пиротехникалық құралдарды қолданғандықтан кездейсоқ жарақат алған. Сонымен қатар ол 5 қазанда Лансе қаласында болған оқиғаны атап өтті. Онда жасөспірім зақымдайтын элементтері бар полиция гранатасын жерден көтеріп алған кезде қолынан ауыр жарақат алған.
Жеффре бұл жағдайға қатысты пікір білдіре отырып, басқа министрліктің жұмысына араласпайтынын, оның үстіне оқиғаның барлық мән-жайынан хабардар емес екенін айтты. Алайда ол «Францияның бүкіл аумағында оқушылар мен ересектердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек» деген ұстанымда екенін атап өтті.
Еске салайық, жоғары сынып оқушыларының наразылық акциялары қыркүйек айының соңында астаналық Иль-де-Франс аймағында басталып, кейін бүкіл Францияға тарады. Наразылық білдірушілер оқу кестесінің шамадан тыс жүктелуіне, мұғалімдердің жетіспеушілігіне және білім беру жүйесіндегі басқа да мәселелерге қарсылық білдіріп жатыр. Кей жерлерде акциялар жаппай тәртіпсіздікке және полициямен қақтығысқа ұласты.
Осы уақыт ішінде құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам адамды ұстады. Олардың 90 пайызы кәмелетке толмағандар болған.
Сонымен қатар француз оқушыларының жаппай наразылығы көршілес Бельгияға да тарады. Бұған қоса, наразылық акцияларына байланысты Францияда 400-ден астам мектептің жабылғаны хабарланды.
Бұл туралы жексенбі күні Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре France 2 телеарнасы мен France Inter радиосының эфирінде мәлімдеді.
Ұлттық білім министрінің айтуынша, білім беру жүйесінің 78 қызметкері де наразылық кезінде жарақат алған көрінеді.