Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Франциядағы орман өрттері: 119 мың гектар орман күлге айналды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде болған ірі орман өрті оқшауланды. Алайда елде табиғи өрттерге қатысты ахуал әлі де күрделі. Жаз басынан бері Францияда 119 мың гектар орман алқабы жанып кеткен. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Франциядағы орман өрттері: 119 мың гектар орман күлге айналды
Фото: Anadolu

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, өрттің таралуы толық тоқтатылған.

– Өрт оқшауланды, жалын енді әрі қарай таралып жатқан жоқ, – деді министр BFMTV телеарнасы тікелей эфирде көрсеткен брифингте.

Сонымен бірге министр елдің оңтүстігіндегі Вар департаментінде жағдайдың әлі де күрделі екенін айтты. Онда орман өрті қайта күшейіп, тілсіз жаумен 1,5 мың өрт сөндіруші күресіп жатыр.

Еуропада, әсіресе Испания мен Францияда, биылғы орман өрттері рекордтық ауқымға жетті. Бұған дейін Еуропалық комиссия ЕО-ның Азаматтық қорғаныс тетігі аясында өртті сөндіруге 13 ұшақ, 4 тікұшақ және Еуроодақ елдерінен жүздеген өрт сөндіруші жұмылдырылғанын хабарлаған.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы орман өртінен шыққан түтін бөлшектері адамның қан айналымына дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Сондай-ақ Грекияда орман өртін сөндіру кезінде үш өрт сөндірушінің қаза тапқаны хабарланған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Тунисте жаз басталғалы 1000 өрт оқиғасы тіркеліп, 12 мың гектар жер жанып кетті.