Францияны азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлердің туыстары марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы генерал Шарль де Голль ескерткіші жанында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияны азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған салтанатты рәсім өтті.
Іс-шара барысында Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер — Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Ахмет Бектаев, Өтеулі Бисенғалиев және Ахмет Субаловтың туыстарына медаль табыстады.
Майдангерлер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Францияның оңтүстік-батысын азат ету шайқастарына қатысып, Франциядағы Қарсыласу қозғалысы қатарында соғысқан. Осылайша олар былтыр марапатталған Қадем Жұманиязов, Қабыш Омаров және Әшімбек Ыстыбаевтың қатарына қосылды.
Рәсімге Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысты. Қатысушылар қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, генерал Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиында Сильван Гиоге Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, Францияны азат ету жолында қазақстандық жауынгерлер де ерлік көрсеткенін айтты.
— Осыдан 81 жыл бұрын Реймсте Германияның шартсыз тізе бүгу актісіне қол қойылды. Ал 1945 жылғы 8 мамырда Еуропа ұзаққа созылған соғыс пен зұлматтан кейін нацистік үстемдіктен азат етілді. Бұл — еркіндік пен адам қадір-қасиетін қорғаған тарихи жеңіс, — деді елші.
Оның айтуынша, бұл жеңіс одақтас елдердің ортақ күресінің нәтижесі болған.
— Сол күресте үш жүзден астам қазақстандық француз жауынгерлерімен бірге шайқасты. Олар туған жерінен мыңдаған шақырым алыста жүріп, ортақ жауға қарсы соғысты. Көпшілігі елге оралмай, француз жерінде мәңгілікке қалды. Франция олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды, — деді Сильван Гиоге.
ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінің бастығы Дәулет Қадыров бұл бастама былтыр қолға алынғанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылдың қаңтарында музейде Еуропаны азат етуге қатысқан қазақстандықтарға арналған арнайы көрме ұйымдастырылған.
— Көрменің ашылуына Францияның Қазақстандағы елшісі де қатысты. Сол кезде Францияны азат етуге көптеген қазақстандықтың қатысқаны айтылып, олардың бірқатары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция Республикасының наградаларымен марапатталғаны белгілі болды. Алайда елге оралғаннан кейін бұл медальдар тәркіленген, — деді Дәулет Қадыров.
Оның айтуынша, қазақстандық партизандардың Францияны азат етудегі рөлі әлі күнге дейін толық зерттелмеген.
— Өткен жылы Франция тарапы үш қазақстандық партизанға құрмет көрсетсе, биыл тағы бес майдангердің ерлігі еске алынып отыр. Алдағы уақытта Әскери-тарихи музей Франция елшілігімен бірлесіп, осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын жалғастырады. Біз ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, оны жастарға үлгі етуіміз керек, — деді ол.
Салтанатты рәсімге марапатталған майдангерлердің ұрпақтары да қатысты. Солардың бірі — партизан Өтеулі Бисенғалиевтің ұлы Болат Бисенғалиев.Оның айтуынша, Өтеулі Бисенғалиев 1938 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, бірнеше әскери жорыққа қатысқан. 1942 жылы Запорожье облысындағы шайқастардың бірінде жараланып, тұтқынға түскен. Кейін Германия мен Франция аумағындағы лагерьлерде болған.
— Әкем Францияның оңтүстігіндегі лагерьден қашып шығып, француз партизандарына қосылған. Кейін француз армиясының құрамында соғысып, генерал Шарль де Голль тарапынан француз армиясының лейтенанты атағын алған, — деді Болат Бисенғалиев.
Оның сөзінше, соғыстан кейін әкесі ұзақ уақыт кеңестік қауіпсіздік органдарының бақылауында болған.
— Әкем математика пәнінің мұғалімі болса да, мектепте жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмеді. Сондықтан Франция тарапының бүгін көрсетіп отырған құрметі біздің отбасы үшін өте маңызды, — деді ол.
Болат Бисенғалиев әкесі қайтыс болғаннан кейін отбасында сақталған құжаттарды зерттей бастағанын айтты.
— Кейін осы тақырыпта очерк жазып, оны «Простор» журналында жарияладым. Содан бері Францияны азат етуге қатысқан қазақстандық партизандардың ұрпақтарымен байланыс орнаттық. Бүгінгі шараға арнайы келдім. Бұл — біздің отбасымыз үшін үлкен құрмет, — деді ол.
Сондай-ақ салтанатты жиын аясында профессор Гүлнар Меңдіқұловаға «Академиялық пальма» ордені кавалерінің белгісі табысталды. Марапат қазақстандық партизандар туралы тарихи деректерді зерттеп, олардың есімін қайта жаңғыртуға қосқан үлесі үшін берілді.