Францияның Әділет министрі миграцияны үш жылға тоқтатуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Министрдің сөзінше, елге көші-қон ағынын тоқтатып, елден шығарылуы тиіс азаматтарды депортациялау қажет, деп хабарлайды DW.
Жеральд Дарманен Францияға миграцияны үш жылға шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, Франция шетел азаматтарын интеграциялау мен ассимиляциялау бойынша «өз мүмкіндігінің шегіне жеткен».
Министрдің сөзінше, елге көші-қон ағынын тоқтатып, елден шығарылуы тиіс азаматтарды депортациялау қажет. Сонымен қатар ол виза беру мәселесін шетел азаматтарының Франция аумағынан шығу туралы талаптарды орындауымен байланыстыруды ұсынды.
Сондай-ақ Жеральд Дарманен еңбек негізінде тұруға рұқсат алған азаматтардың туыстарына отбасымен қосылу тәртібі арқылы ықтиярхат беруді тоқтату қажет екенін айтты.
Министр Франция Конституциясына өзгерістер енгізіп, билікке миграциялық квоталарды шектеу, өтініш берушілердің саны, шыққан елі мен біліктілігін талқылау құқығын беруді де ұсынды.
Франция Ішкі істер министрлігі мәліметінше, 2025 жылы елде рекордтық 4,5 миллион ықтиярхат берілген. Оның әрбір үшіншісі отбасымен қосылу негізінде рәсімделген.
Қазір Францияда заңды түрде тұрып жатқан шетелдіктер ересек халықтың 8 пайыздан астамын құрайды.
Айта кетелік Франция НАТО-ның Ормуз бұғазындағы миссияға қатысу мүмкіндігін жоққа шығарған еді.