Францияның әскери полигонында өткен заңсыз кеште 30-дан астам адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес Бурж коммунасы маңындағы (Шер департаменті, елдің орталық бөлігі) әскери полигонға жасаған сапарынан кейін 33 адамның зардап шеккенін, олардың бесеуі ауыр жағдайда екенін мәлімдеген. Бұл туралы БЕЛТА жазды.

Францияның әскери полигонында өткен заңсыз кеште 30-дан астам адам зардап шекті
Фото: Getty Images

Министрдің айтуынша, 28 адам жеңіл жарақат алған, тағы 5 адамның жағдайы ауыр. 12 адам ауруханаға жеткізілген, олардың бір бөлігі есірткі қолдануына байланысты медициналық көмекке мұқтаж болған.

Лоран Нуньес заңсыз кешті әскери полигонда өткізген ұйымдастырушылардың әрекетін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, бұл жиынға қатысушыларға екі негіз бойынша айыппұл салынады: әскери аумаққа заңсыз кіру және музыкалық іс-шара өткізуге қойылған тыйымды бұзу. Министр сондай-ақ ұйымдастырушылардың дыбыс жабдықтары тәркіленуі мүмкін екенін ескертті.

Ведомство басшысының мәліметінше, қазірдің өзінде шамамен 600 айыппұл салынған. Сонымен қатар полиция құқық қорғау органдарының талабына бағынбағаны және тәртіп сақшыларына шабуыл жасағаны үшін жеті адамды ұстады.

Сондай-ақ полигон аумағынан екі жарылмаған снаряд табылғаны хабарланды, оларды залалсыздандырумен саперлер айналысуда.

Заңсыз кеш 1 мамырда басталған. Ұйымдастырушылар оған 30 мыңға дейін адам келеді деп күткен, алайда сенбі кешіне қарай қатысушылар саны 40 мыңға жеткен. Іс-шара жергілікті билік тарапынан келісілмеген, себебі бұл аумақта жарылмай қалған снарядтар болуы мүмкін болғандықтан, қауіпті деп танылған.