Францияның оңтүстігінде орман өрті өршіді

АСТАНА. KAZINFORM – Аптап ыстық салдарынан Францияның оңтүстігінде орман өрті өршіп тұр. Өрт қаупі басталғалы бері 9 мың гектар аумақ өртеніп, өсімдіктер жойылды, деп хабарлайды Euronews.

Францияның оңтүстігінде орман өрті өршіді
Фото: Pompiers_13 / x.com

Ірі орман өрттері Эро, Од және Буш-дю-Рон департаменті аумақтарында тіркелген.

Ең ірі өрт Испаниямен шекараға жақын жерде тұтанып, шамамен 900 гектар аумақты шарпыған. Апат аймағында 800-ден астам өрт сөндіруші жұмыс істеп жатыр. Алайда қатты жел мен таулы-қыратты жер бедері өртті ауыздықтауды қиындатып, техникаларды пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.

Сонымен қатар Марсель маңында екі ірі өрт ошағы пайда болып, жалпы 250 гектар аумаққа таралған. Сондай-ақ оңтүстікте орналасқан Роньяк елді мекеніндегі өрт толықтай бақылауға алынды. Онда 40 гектар орман жанып кетті.

Канн қаласы маңында өрт қаупіне байланысты кемпингтерден 2200 адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 250 өрт сөндіруші, арнайы техника, сондай-ақ Canadair ұшақтары мен арнайы тікұшақтар жұмылдырылған.

Өрт елдің солтүстік-батысындағы Финистер өңірінде де тіркеліп, ондаған гектар орманды күлге айналдырған.

Бұған дейін Францияның оңтүстігіндегі алты департаментте аптап ыстық салдарынан орман өрті қаупі күшейіп, ең жоғары – «қызыл» қауіп деңгейі жарияланған болатын.