Француз тарихшысы: Еуропадағы Алтын Орда туралы теріс түсінікті өзгерткім келді
АСТАНА. KAZINFORM — Француз тарихшысы Мари Фаверо Еуропада Алтын Орда мен көшпелі халықтар туралы қалыптасқан теріс көзқарасты өзгерткісі келгенін айтты. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «БүгінLIVE» бағдарламасында баяндады.
Мари Фавероның айтуынша, Еуропаның ғылыми ортасында ұзақ уақыт бойы «Орда» ұғымына теріс мән беріліп, көшпелі халықтарды жүйесіз, сауатсыз деп қабылдаған. Олардың өркениетіне төмен қарағандар да болған.
— Әрине, «Орда» атауына да теріс көзқарас болды. Еуропаның ғылыми ортасында көшпелі халықтарды жүйесіз, сауатсыз деп қабылдап, оларға төмен қарағандар болды. Мен осы түсінікті өзгерткім келді. Кітабымда «Орда», «Алтын Орда» ұғымдарына мүлде басқа қырынан қарауға болатынын көрсетуге тырыстым, — деді Мари Фаверо.
Тарихшының сөзінше, Алтын Орда өз дәуіріндегі қуатты әрі жүйелі мемлекет болған. Ол көшпелі халықтарды тек жауынгер жұрт ретінде қабылдаудың да жаңсақ екенін атап өтті.
— Алтын Орда өте күшті әрі қуатты мемлекет болды. Оның өзіне тән жүйесі болды. Көшпелі халықтар да бұрын ойлағандай әлсіз немесе тек жауынгер жұрт болған жоқ. Осыны кітабымда жан-жақты түсіндіруге тырыстым, — деді ғалым.
Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты еңбегі қазақ тілінде жарық көрді. Кітапта Алтын Орданың қалыптасуы мен дамуы, Еуропа және Азия елдерімен байланысы жан-жақты қарастырылады.
Еңбекті Steppe & World Publishing баспа үйі қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарды. Баспаның негізін қалаушы әрі директоры Раиса Қадырдың айтуынша, бұл еңбек қазақ оқырманына Алтын Орда тарихын шетелдік зерттеушінің пайымымен ана тілінде оқуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мари Фаверомен кездесіп, ғалымның Алтын Орда тарихына арналған еңбегінің қазақ тілінде жарық көруін отандық оқырман үшін маңызды оқиға деп бағалаған еді.