Frontex: Еуропаға заңсыз өтушілер саны күрт төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ миграциялық саясатты қатаңдатып жатқан тұста, 2025 жылдың алғашқы үш айында ЕО аумағына заңсыз кіру әрекеттерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 мыңға азайған. Бұл туралы Kazinform-ның меншікті тілшісі хабарлайды.

м
Фото: wikipedia

Еуроодақ шекарасын қорғауға жауапты Frontex агенттігі барлық негізгі миграциялық бағыттарда төмендеу байқалғанын мәлімдеді. Агенттік өкілдерінің айтуынша, миграция мәселесі Еуропалық саясаттың басты назарында қалып отыр: Шенген аймағының ішкі шекаралары жабылып, Германиядағы жаңа коалициялық үкімет миграцияға қатысты ұстанымын қатайтуда.

Frontex өкілі Крис Боровски Politico басылымына берген сұхбатында: «Жыл басындағы мұндай күрт төмендеудің нақты себебін айту қиын. Дегенмен, өткен жылдан басталған төмендеу үрдісі жалғасып жатыр», — деді.

Соңғы айларда ЕО миграциялық талаптарды күшейтетінін ескерткен болатын. Оған депортациялау рәсімін жеңілдету, одақ аумағынан кетуден бас тартқан мигранттарға қатаң жаза қолдану, сондай-ақ ЕО-дан тыс елдерде «қайтару орталықтарын» құру жоспарлары жатады.

Frontex дерегі бойынша, ең үлкен төмендеу — 64% — Албания, Сербия, Черногория және Солтүстік Македония бағытында тіркелген.

— Бірқатар бағыттарда контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрестің және Frontex-пен тығыз әріптестіктің нәтижесін көріп отырмыз, әсіресе Балқанда, — деді Боровски.

Оның айтуынша, Frontex енді үшінші елдермен жасалған жаңа келісімдер негізінде ЕО шекарасынан тыс жерлерде де жұмыс істей алады. Бұған дейін агенттіктің қызметі тек ЕО елдерінің шекараларымен шектелген еді.

Биылғы ең жүктемелі миграциялық бағыт — Грекия, Кипр және Болгария арқылы өткен жол болды. Дегенмен, бұл бағытта да өту әрекеттері 29%-ға азайған.

Айта кетейік, мигранттар үшін құрлық және теңіз арқылы өтулер әлі де қауіпті күйінде қалып отыр. Халықаралық миграция ұйымының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында теңізде 385 адам қаза тапқан, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2300-ге жуықтаған болатын.

Бұған дейін Еуроодақ елдері көшбасшыларының саммитінде миграция мен халықаралық дағдарыстар басты талқылау тақырыптарының бірі болды.

Соңғы жаңалықтар