14:13, 04 Мамыр 2010 | GMT +5
Футбол: 8-ші турдан кейін «Ертіс» көш бастады
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 8-ші турынан кейін көш басына Павлодардың «Ертіс» командасы шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл турда «Ертіс» сырт алаңда «Атыраудан» 3:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп 8 ойында 17 ұпай жинап, бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін тізгінді ешкімге бермеген Қостанайдың «Тобыл» клубы бұл турда өз алаңында Астананың «Локоматив» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалып, екінші орынға сырғыды. Үшінші орында Қарағандының «Шахтер» командасы тұр. Бұл үш команданың ұпай сандары бірдей, алайда олардың турнир кестесіндегі орындары соққан және жіберген голдарының арасындағы айырмашылықа қарай анықталып отыр. Көш соңында Алматының «Қайрат» және Оралдың «Ақжайық» командалары келеді. 9-шы турдың ойындары мамырдың 7-сі күні өтеді. Бұл турдағы орталық матч «Шахтер» мен «Ертіс «арасында өтеді.