Футбол: «Ақтөбе» Достастық кубогының финалында
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Ақтөбе» командасы Мәскеуде өтіп жатқан футболдан ТМД және Балтық елдері чемпиондары кубогының финалына шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің команда жартылай финалда Литваның «Экранас» командасын 3:0 есебімен жеңді. Бұл матчта Кенжесариев ойынның 55-ші және 78-ші минөттерінде мергендігімен көзге түсссе, 81-ші минөтте Головской қарсыластар қақпасын дөп көздеді. Осылайша «Ақтөбе» қатарынан екінші жыл Достастық кубогының ақтық сынына шығып отыр.
Айта кетейік, «Ақтөбе» 2009 жылғы ТМД және Балтық елдері чемпиондары кубогы турнирінің күміс жүлдегері атанған болатын. Финалда жерлестеріміз Молдованың «Шериф» клубына есе жіберді. Осылайша «Ақтөбе» өз тарихында тұңғыш рет Достастық кубогының күміс жүлдесіне ие болды. Бұл бұған дейін аталмыш турнирге қатысқан қазақстандық клубтардың ішіндегі ең жоғары нәтиже.
Биылғы турнирде «Ақтөбе» Әзірбайжанның «Бакы», Финляндияның «ХИК» және Тәжікстанның «Вахш» клубтарымен бірге «В» тобында ойнады. Олар жарыс күнтізбесіне сәйкес, алдымен Финляндияның «ХИК» командасымен кездесіп, оған 0:1 есебімен есе жіберіп қойса, одан кейін Тәжікстанның «Вахш» клубын 2:0 және Әзірбайжанның «Бакы» командасын 2:0 есебімен жеңді. Өз тобынан екінші орынмен шыққан жерлестеріміз одан кейін ширек финалда Беларустың «Днепр» Мг командасын 3:1 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда жоғарыда айтып өткеніміздей, Литваның «Экранас» командасын қапы қалдырды.