Футбол: «Ақжайық» биылғы маусымда соққан доп санын 24-ке жеткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» қарсыластар қақпасына доп соғудан алда келеді.
None
None

Осының алдындағы турда Алматыда ЦСКА командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтқан батысқазақстандықтар сенбі күні Қызылорданың «Байқоңырын» қабылдады. Бұдан бұрын көш бастаушы командалардың бірі Өскеменнің «Востогымен» тең ойнаған қызылордалықтар бірінші таймда алаң иелері қанша шабуылдаса да, алдырмады. Дегенмен екінші таймда батысқазақстандықтар алдыңғы шепте шалт қимылдап, шеберліктерін көрсете білді. Алдымен қонақтардың қорғаушысы оралдық Николай Забродинді айып алаңында шалып жыққаннан кейін, 11 метрлікті Алексей Мальцев дәл орындап, биылғы маусымда соққан доп санын 5-ке жеткізді. Көп ұзамай алаңға екінші таймда шыққан Иван Антиповтың пасын шебер пайдаланған словениялық легионер Марушко Матиц баспен дәл көздеді. Бұл - бірінші лигада мергендер көшін бастап келе жатқан М.Матицтің алтыншы добы. Бұдан кейін Олег Хромцов қос доптың авторы атанып, өзінің туған күніне ерекше сый жасады. Сөйтіп, «Ақжайық» тағы да 4:0 есебімен жеңіске жетті. Батысқазақстандықтар қазірдің өзінде 24 гол соғып отыр.

Бұл турда «Лашынды» сырт алаңда ірі есеппен тізе бүктірген Семейдің «Спартагы» 19 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарына» есе жіберген «Восток» 17 ұпаймен екінші орында қалды. Теміртаудың «Болаты» мен Оралдың «Ақжайығы» 16 ұпаймен үшінші-төртінші орындарды бөлісуде. Бұларды Ақтаудың «Каспийі» (15 ұпай) мен «Қызылжар» (14) өкшелеп келеді. «Қыран» да (13) қашық емес. Бұл - премьер-лига жолдамасы үшін күрес осы командалардың арасында өтеді деген сөз. 7 маусым күні өтетін турда көш бастаушылардың өзара кездесулері олардың шама-шарқы қаншалықты екенін анықтап бермек. Атап айтқанда, «Спартак» «Востокты» қабылдаса, Петропавлда «Қызылжар» мен «Ақжайық» алаңға шығады.

Соңғы жаңалықтар