Футбол: «Ақжайық» сырт алаңда «Таразбен» тең ойнады

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің айтуынша, батысқазақстандықтар бұл ойында қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қарсы шабуылға шығып отырды. Осындай сәттердің бірінде 35-минутта «Ақжайықтың» жартылай қорғаушысы Николай Забродин есеп ашты. Он минуттан кейін «Тараздың» легионері Мирослав Лечич таразы басын теңестіріп кетті. Екінші таймда 1:1 есебі өзгерген жоқ.
«Ақжайықтың» осы матчта жеңіс добын салатындай мүмкіндіктері болды. Айталық, команданың сұрмергені Игорь Зенькович қақпашымен жекедара шығып, гол соға алмады.
Сөйтіп екі ойыннан кейін төрт ұпай жинаған батысқазақстандықтар келесі кездесуін 30 наурыз күні өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдайтын болады. Өткен жылғы маусымда «Ақжайық» ақтөбеліктерді екі мәрте ұтқан болатын.