Футбол: Беларус-Қазақстан 4:0

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Өткен сенбіде  футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында сырт  алаңда Беларус құрамасымен кездесіп, 4:0 есебімен ойсырай ұтылды,

Футбол: Беларус-Қазақстан 4:0

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Атап өтерлігі, іріктеу турнирі аясында біздің команда Беларус футболшыларын ағымдағы жылғы сәуірдің 1-де Алматыда қабылдап, 1:5 есебімен оңбай жеңілген еді. Қарымда кездесуде қарсыластарымыз біздің қақпаға жауапсыз төрт доп соғып, неміс маманы Бернд Шторк жаттықтыратын Қазақстан құрамасының тағы да салын суға жіберді. Ал жалпы бұл  кездесу  біздің команданың іріктеу турнирі аясындағы 9-шы ойыны болды. Осылайша, іріктеу турнирі аясында  барлығы тоғыз   кездесу өткізген жерлестеріміз, соның бар-жоғы екеуінде ғана жеңіске жетті, қалғандарында қарсыластарына қауқар көрсете алмады.  Сөйтіп Қазақстан құрамасы тоғыз  ойыннан кейін 6 ұпай жинап, өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді. Қазақстан құрамасы іріктеу турнирі шеңберіндегі соңғы кездесуін қазанның 14-де елордадағы «Астана-Арена» стадионында Хорватиямен өткізеді.