Футбол: Бүгін «Реал» мен «Лион» және «Манчестер Юнайтед» пен «Милан» арасында қарымта матчтар өтеді
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Англияның «Арсенал» және Германияның «Бавария» командалары футболдан Еуропа чемпиондары лигасының ширек финалына шықты.
1/8-ші финалдағы қарымта матчта «Арсенал» Португалияның «Порту» командасын қабылдап, 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл командалар арасындағы бірінші ойын 2:1 есебімен «Портудың» пайдасына шешілген болатын. Алайда, қос матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен «Арсенал» келесі кезеңге шықты. «Бавария» болса екі матчтың нәтижесі бойынша Италияның «Фиорентина» командасын жеңді. Германияда өткен бірінші матчта 2:1 есебімен неміс футболшылары басым түссе, қарымта ойында 3:2 есебімен италиялықтардың мерейі үстем болды. Алайда, сырт алаңда көп гол соққандығының арқасында ширек финалға «Бавария» шықты. Бүгін Испанияның «Реал» және Францияның «Лион», Англияның «Манчестер Юнайтед» және Италияның «Милан» командалары арасында 1/8-ші финалдың қарымта матчтары өтеді. Айта кетейік, ширек финалдың бірінші матчында «Лион» «Реалды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал, «Милан» болса өз алаңында Англияның «Манчестер Юнайтед» командасынан 2:3 есебімен ұтылып қалған болатын.