Футбол: Еурокубоктік маусымда Қазақстан намысын «Ақтөбе», «Атырау», «Шахтер» және «Тобыл» клубтары қорғайды
Бұндай шешім Алматыда өткен Қазақстан Футбол федерациясы Футбол клубтарын сертификаттау жөніндегі комиссиясының отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Футбол федерациясының мәліметінше, комиссияның отырысында 2010-2011 жылдардағы маусымда УЕФА-ның жарыстарына қатысу үшін сертификаттау үдерісінен өтуге өтініш берген Премьер-лиганың он екі клубының істері қаралған. Комиссия барлық жағдайды қарастыра келе жоғарыда аталған төрт клубқа алдағы маусымда УЕФА-ның клубтық жарыстарына қатысу құқығы туралы сертификаттар берген. Ал, 2009 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатының турнир кестесінің нәтижесі бойынша 2-ші орын алған Астананың «Локомотив» клубы «3 жылдың ережелеріне» сәйкес келмегендіктен, жоғарыда аталған жарыстарға жіберілмеді.
Айта кетейік, еуропалық клубтардың жарысына Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде алғашқы орындарды алған клубтардың және Қазақстан кубогын жеңіп алған команданың қатысуға құқықтары бар. 2009 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Ақтөбе» Қазақстан чемпионы атанса, «Шахтер» қола жүлдені, «Тобыл» төртінші орын алды. Ал, «Атырау» Қазақстан кубогын жеңіп алған.