Футбол: Қазақстан кубогы үшін жарыстың ширек финалындағы бірінші ойында «Ақтөбе» «Востокты» жеңді

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат  - Өткен аптаның соңында футболдан 2009 жылғы Қазақстан кубогы үшін жарыстың ширек финалының  алғашқы бір ойыны болды.

Футбол: Қазақстан кубогы үшін жарыстың ширек финалындағы бірінші ойында «Ақтөбе» «Востокты» жеңді

Ақтөбенің «Ақтөбе» клубы Өскеменнің «Восток» командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойынның 16-шы минөтінде Эрбес соққан голдан соң  ойынның бірінші кезеңі 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Алайда, екінші кезеңде жинақылық танытқан ақтөбеліктер 56-ыншы  минөтте есепті теңестірді. Голдың авторы -  Хайруллин. Ал, матчтың 82-нші минөтінде Струков соққан гол «Ақтөбеге» жеңіс әкелді. Қарымта ойын Өскеменде өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан кубогы үшін жарыстың ширек финалының  алғашқы екі  ойыны өткен болатын. «Тараз» Талдықорғанның «Жетісу» клубын қабылдап, 0:1 есебімен ұтылып қалса, Павлодарда жергілікті «Ертіс» пен Қарағандының «Шахтер» командалары арасындағы  ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Қарымта кездесу қазанның 3-і күні өтеді. Атап өтерлігі, ширек финалда сонымен қатар  «Қайсар» мен «Атырау»  командалары да өнер көрсетуде. Бұлардың арасындағы ойын сәл кейінірек өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша анықталатын бұл жұптардың жеңімпаздары жартылай финалға шығады.