Футбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы Ресеймен болатын ойынға дайындығын бастады
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқапарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы 2011 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ресей құрамасымен болатын ойынға дайындығын бастады.
Осы күндері біздің команда Шымкентте дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Футбол федерациясының мәліметінше, Ресей құрамасымен болатын ойын наурыздың 28-де Талдықорғандағы «Жетісу» стадионында өтеді.
Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында жерлестеріміз Ресей, Ирландия, Швейцария және Израиль құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетуде. Жоғарыдағы біздің команданың іріктеу турнирі аясындағы үшінші ойыны болмақ. Біздің команда бірінші ойынын 2009 жылғы қыркүйектің 16-да сырт алаңда Ирландия құрамасымен өткізіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал, екінші кездесуін қазанның 24-де сырт алаңда Израильмен өткізіп, 1:0 есебімен есе жіберді.