Футбол: Қазақстанның супер кубогын «Ақтөбе» мен «Атырау» өзара сарапқа салады
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Наурыздың 14-де елордадағы «Астана-Арена» стадионында футболдан Қазақстанның супер кубогы сарапқа салынады.
Оны жеңіп алу үшін өткен маусымдағы ел чемпионы - Ақтөбенің «Ақтөбе» және 2009 жылғы Қазақстан кубогының иегері - Атыраудың «Атырау» командалары өзара шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Қазақстан Футбол федерациясының бекіткен ережесіне сәйкес, Қазақстанның супер кубогын Премьер-Лига командалары арасында жеңімпаз атанған және Қазақстан кубогын жеңіп алған командалар өзара сарапқа салады. 2008/2009 жылғы маусымда Ақтөбе 26 ойында 65 ұпай жинап, ел чемпионы атанған болатын. Ал, «Атырау» болса финалда Қарағандының «Шахтер» командасын жеңіп, былтыр Қазақстан кубогының иегері атанды.