Футбол: ҚР Президентінің кубогы үшін турнирде Астананың «Цесна-94» клубы жарысты сәтті бастады
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елордадағы «Астана-Арена» стадионында футболдан жасөспірімдер арасында ҚР Президентінің кубогы үшін дәстүрлі турнир өтуде.
Бұл жарыста ел намысын қорғап жатқан Астананың «Цесна-94» командасы жарысты сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«А» тобындағы біздің команда бірінші ойынында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Республикасы командасын 3:2 есебімен жеңді, екінші матчта Өзбекстанның «Бунёдкор» (Ташкент) клубынан 1:0 есебімен басым түсті. «Цесна-94» келесі ойынын Ресейдің «Зенит» (Санкт-Петербор) командасымен өткізеді.
Турнирде барлығы сегіз команда қатысуда. Олар: Қазақстанның «Цесна», Ресейдің «ЦСКА» және «Зенит», Түркияның «Галатасарай», Әзірбайжанның «Бакы», Өзбекстанның «Бунёдкор» командалары және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Республикасы мен Сербияның жасөспірімдер құрамалары.
Алғашқы екі ойын күнінің нәтмжелері мынадай: «Зенит»-«Бунедкор» 2:1, Сербияның жасөспірімдер құрамасы - «Бакы» 10:0, «ЦСКА»-«Галатасарай» 3:2, «ЦСКА»- Сербияның жасөспірімдер құрамасы 2:3, «Галатасарай»-«Бакы» 3:2, «Зенит» - Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Республикасы 7:0. Ертең топтық турнирдің соңғы ойындары ойналады. Ал, сәуірдіің 30-да 7-ші, 5-ші, 3-ші орындар үшін ойындар және финалдық матч өтеді. Айта кетейік, осымен үшінші мәрте өткізілгеліп отырған жарысты Қазақстан футбол федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастыруда. Биыл бұл турнирге 1994 жылдан бері туылған жасөспірім футболшылар қатысуда. Турнирде жеңімпаз атанған команда - 10 мың, екінші орын алған команда - 6 мың, үшінші орын алған команда - 3 мың АҚШ долларын алады.
Бұл турнир осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқы екеуі 2008 және 2009 жылдары Алматыда өтті. Бірінші турнирде Түркияның «Бешикташ» командасы, ал екіншісінде Бразилияның «Оле Бразил Клаб» клубы кубокты жеңіп алды.