Футбол маусымының кезекті тартыстары

Үздіктер гол соқпады
Осы аптада FIFA 2016 жылдың үздік футболшысына үміткерлер арасынан үшеуін іріктеп шығарды. Бұл қатарға Криштиану Роналду мен Леонель Месси әдеттегідей жайғасса, үшінші болып Антуан Гризманн орын тепті. Алайда, үшеуі де сенбілік футбол кештерінде гол соға алмады.
Роналду мен Месси Эль Классикода көзге түсе алмаса, Гризманн командасымен бірге «Эспаньол» қақпасынан саңылау таба алмады. Тағы бір жайт, Месси 2014 жылдың наурызында «Реал Мадрид» қақпасына хет-трик жасағаннан бері Эль Классико матчтарында гол соға алмай жүр. Статистикаға жүгінер болсақ, Роналду «каталондықтарға» қарсы 25 рет ойнап 16 гол соққан, ал Леонель 32 ойында 21 рет «Реал» қақпасын дәл көздеген. Алайда, осындай керемет көрсеткіштер сенбілік матчта байқалмағандай.
Бірінші таймда екі ұжым да белсенді ойнады. Барлығы бірін-бірі жұлмалаумен қатар, төреші ысқырығын аңдып ойнағандай болды. Матч төрешісі К.Гомес сынға ұшыраудан сақтанып, кездесу барысына айтарлықтай өзгеріс енгізетін айып добын белгілеуден аулақ болды. Есепті 53-ші минутта Луис Суарес ашты. «Реал» шабуылын күшейткілері келгенімен, каталондықтар допты өз ырқынан жібермеудегі үлкен шеберліктерін Камп Ноуға жиналған 99 мың көрерменге паш етті. Неймар мен Мессидің де бір-екі тамаша мүмкіндігі болды, пайдалана алмай қалды. «Реал» ойыншылары және бапкері Зинедин Зидан «Барселонаның» жеңбейтінін алдын ала біліп жүргендей. Өйткені кей сәттерде тек ойыншысын алмастырып, шынымен де жүріп алғандай болды. Кездесудің 90-шы минутында көтерілген допқа басын дәл қоя білген Серхио Рамос есепті теңестірді.
Сонымен «Барселона» маңызды матчта жеңісті уысынан жіберіп алды. Бір қарағанда осы голды Маскерано, Пике, Альба атты қорғаушылары асыға күткен сықылды. Себебі футболдың соңғы ысқырыққа дейін ойналатынын жақсы білетін олардың Рамосты ұстауға әлдері жетпек түгілі, тырысқандары да аз секілді көрінді. Нағыз капитан Серхио Рамос болса, кездесудің жұлдызына айналды. «Реалды» соңғы минуттарда жеңілістен құтқаруды жақсы «әдетке» айналдырған испандық қорғаушының арқасында мадридтік клуб өздерінің жеңіліссіз сериясын 33 матчқа дейін жеткізіп отыр.
Франция құрамасы және «Атлетико Мадридтің» шабуылшысы Антуан Гризманн да көзге түсе алмады. Әлемнің екі үздік футболшысы бір-біріне қарсы ойнап, керемет ойын көрсете алмағанын Антуан Гризманн пайдалану керек еді. Бірақ Антуан да «Эспаньолға» қарсы матчта гол соға алмады. Екі ұжым кездесулерін 0:0 есебімен аяқтауға мәжбүр болды.
Конте басқарған «Челсиді» тоқтату мүмкін емес
Иә, дәл солай. Италяньдық бапкердің қолын жан-жаққа сермеп, футболшыларына орнында секіріп тұрып айғай салатыны Моуриньонікідей «нәтижесіз құбылысқа» айналып кетпесе керек. Ол ағылшын премьер лигасында қатарынан соңғы 8 ойында жеңіске жетіп, Абрамович клубын лидер қылды.
Ағылшын лигасының 14-ші туры аясындағы басты кездесу «Манчестер сити» мен «Челси» арасында өтті. Чемпионат басынан бері осы лиганың ең мықты бапкері Хосеп Гвардиола болып саналғандай еді, енді барлығы өзгерді. Антонио Конте - ең мықты бапкер. Ол «Челси» қорғаушысы Гари Кэхиллдің көмегімен Гвардиола құраған «Манчестер ситидің» ойнау тактикасына қарсы амалдарды кездесу барысында сәтті және ұтымды енгізіп отырды. «Сити» бірінші болып есеп ашты. Автоголдың орын алғанына қарамастан, «Челси» ойыншылары «Манчестер сити» қысымынан шыға білді. Қарымта шаубылдардың арқасында Клаудио Браво қорғаған қақпаға Коста, Вилиан және Азар жауапсыз үш гол соқты. Есеп 1-3. Гвардиолаға тек аң-таң болып қалудан басқа амал қалмады. Соңғы минуттарда Агуэро мен Фернандиньо алаңнан қуылып кетті.
Антонио Конте Абрамовичтің клубына өткен жылғы «Лестер» және өзі бапкерлік жасаған Италия құрамасының тактикалық үлгілерін сіңіре алғаны байқалады. Басты тәсіл - қарсылыс қысымынан алысқа асырылған пастар арқылы шығу, қарымта шабуылды аяқтау шегіне Коста, Азар сияқты мықтыларды орналастыру және қорғаушылар шебін тасқамалға айналдыру. Хосеп Гвардиоланы тізе бүктірген Конте командасы өте мықты ұжымға айналып келеді.
Және тағы басқа кездесулерге тоқталып өтсек, лондондық дербиде «Вест Хам» «Арсеналдан» 1-5 есебімен ойсырай жеңілді. «Ливерпуль» сырт алаңда 76 минутқа дейін «Борнмутты» 1-3 есебімен ұтып жатқан еді, содан кейін 4-3 болып есе жіберді. Ибрагимович «Эвертон» қақпасына керемет гол соқты, бірақ «Манчестер Юнайтед» соңғы уақыттарда тең түсуден талмайтын болды. Осыған дейін «Арсенал», «Вест Хаммен», енді міне «Эвертонмен» 1-1 болып ойынды аяқтады. Шамасы бұл 1-1 есебі «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері португалдық Жозе Моуриньонің түсіне жиі кіретін болар.
«РБ Лейпциг» «Лестер» жолын қайталай ала ма?
Лейпцигта орналасқан, 7 жылдық қана тарихы бар, өткен жылы екінші бундеслигада 2-ші орын алып, басты бундеслигаға ауысқан - «РБ Лейпциг» клубы туралы айтар пікір көп емес. Бірақ олар 13 турдан кейін бірінші орында келеді. Атағы жер жаратын «Бавария» оның артынан қуып жете алмауда. Өйткені бұл сенсациялық клуб 13 кездесуде жеңіліс дегенді көрмеген. Керемет көрсеткіш! Азулы деген дортмундық «Боруссияны», «Байерді» жерге қаратқан «Лейпциг» осы демалыс күндері «Шалькеден» 2-1 есебімен басым түсті.
Егер «РБ Лейпциг» клубы осы қарқынынан таймаса, чемпионатты тамаша нәтижемен аяқтай алады. Мүмкін өткен жылы ағылшын премьер лигасында күтпеген жерден топ жарған «Лестер» сияқты чемпион да болып қалар. Қазіргі таңда олар бундеслигада бірінші, «Бавария» болса 30 ұпай жинап, үш ұпайға қалып келеді.
Ал Франция біріншілігіне назар салсақ, «Монпелье» «ПСЖ-ны» 3-0 қылып, ойсырата жеңді.
Италия чемпионатында «Ювентус» сенімді түрде алда келеді. Екінші тұрған «Рома» 4 ұпайға қалып келеді.
Айта кету керек, алдағы сенбі-жексенбі күндері де «Қазспорт» телеарнасы Еуропаның үздік клубтарының тамаша ойындарын көрермендер назарына ұсынбақшы.