14:25, 26 Мамыр 2010 | GMT +5
Футбол: Премьер-лига командалары арасында 12-ші турдың нәтижелері
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше футболдан Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының екінші айналымы басталды. 12-ші турдағы орталық матч «Ақтөбе» мен «Шахтер» арасында өтті. Бұл ойында 0:1 есебімен қарағандылықтар жеңіске жетті. Сөйтіп 23 ұпай жинаған олар көш басындағы Қостанайдың «Тобыл» клубына жақындай түсті.
Ал, «Тобыл» болса бұл турда «Атырауды» қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. Бұл турда екі ұпай жоғалтқандарына қарамастан, 25 ұпайы бар қостанайлықтар әзірге көш бастап келеді. Бұл турда бас жүлдеден үміткер командалардың бірі - Павлодардың «Ертісі» үш ұпай иеленетін мүмкіндікті жіберіп алды. Олар сырт алаңда осы маусымда ала-құла ойнап жүрген Шымкенттің «Орбадасынан» 1:0 есебімен ұтылып қалды.
Бұл турдағы қалған ойындардың нәтижелері мынадай: «Жетісу»-«Қайрат» 1:0, «Ақжайық»-«Тараз» 2:3, «Локоматив»-«Оқжетпес» 4:0. Келесі 13-ші турдың матчтары мамырдың 30-ында өтеді.