Футболдан әлем чемпионатының ашылу матчында төреші алғаш рет үш қызыл қағаз көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Мехикодағы Ацтека аренасында Мексика құрамасы мен ОАР командасының кездесуінде төреші үш қызыл қағаз көрсетті, хабарлайды Report.
Кездесудің 49-минутында бас төреші, бразилиялық Вилтон Сампайо мексикалық Бриан Гутьерреске қарсы соңғы үміт ережесін бұзғаны үшін ОАР жартылай қорғаушысы Сфифело Ситхоулуға қызыл қағаз көрсетті. Кейін VAR көмегімен бейнеқайталымды қарап шыққан төреші дөрекі ойыны үшін ОАР құрамасының тағы бір ойыншысы Темба Званені де алаңнан қуды.
Ал матчтың 90+2-минутында гол соғудың айқын мүмкіндігін болдырмағаны үшін Мексика құрамасының капитаны Сесар Монтес қызыл қағаз алды.
Бұған дейін әлем чемпионатының ашылу матчында ең көп дегенде екі ойыншы алаңнан қуылған болатын. Мұндай жағдай 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатының Аргентина мен Камерун құрамалары арасындағы алғашқы ойынында тіркелген еді. Ол кездесуде камерундық қорғаушы Андре Кана-Бийик тікелей қызыл қағаз алса, оның отандасы Бенжамен Массинг екі сары қағаздан кейін алаңнан кеткен.
Айта кетейік, өткен түні футболдан 23-ші әлем чемпионатының ашылу салтанаты басталды.