Футболдан ел чемпионаты: «Қайратты» ұтқан «Ақтөбе» көш басына шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші турында орталық матчта «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдады.

Қос команда да көш бастаудан басты үміткер болғандықтан, бұл кездесудің тартысты өтері күмәнсіз еді.
Алматылықтарды қырғызстандық Кирилл Кекер жаттықтырса, «Ақтөбе» командасын ресейлік маман Дмитрий Парфенов баптайды.
Бірінші таймда бұрыштамадан берілген доптан кейін «Қайраттың» қорғаушысы 38-минутта өз айып алаңында қолмен ойнап қойды.
Әлібек Қасым 11 метрлік пенальтиді дәл орындады — 1:0.
Ойынның екінші бөлегінде 68-минутта белоруссиялық Дмитрий Бессмертныйдан пас алған Максим Самородов есепті еселеді — 2:0.
Ол 93-минутта қос голдың авторы атанды — 3:0. Бұдан кейін 97-минутта «Қайраттан» Вячеслав Швырев есепті қысқарта алды.
Осылайша, «Қайратты» 3:1 есебімен қапы қалдырып, ұпай санын 10-ға жеткізген ақтөбелік клуб турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
«Қызылжар», «Ордабасы» және «Қайрат» командаларының 8-ден ұпайлары бар.
Оның үстіне «Ақтөбе» қарсыластарына қарағанда, бір ойынды кем өткізген.
Бұл турда өткен жылғы ел чемпионы «Ордабасы» Шымкентте «Қызылжармен» (Петропавл) тең тарқасты.
Бірінші тайм соңында «Қызылжардың» капитаны, белоруссиялық Евгений Березин есеп ашса, 52-минутта алаң иелерінен Сергей Малый таразы басын теңестірді.
«Қайсар» — «Атырау» бәсекесінде де 1:1 есебі тіркелді.
Мұнда қонақтардан португалиялық Педро Эуженио мергендігімен көзге түссе, қызылордалықтардан белоруссиялық Валерий Громыко жауап қайырды.
«Қайсар» биылғы маусымдағы алғашқы ұпайына ие болды.
Өз матчын Қарағандыда өткізген Астананың «Жеңісі» «Тұранды» (Түркістан) тізе бүктірді.
38-минутта «Жеңістің» капитаны, Беларусь өкілі Денис Гречихо өз командасына жеңіс әперді — 1:0.
Бүгінгі матчтарда белоруссиялық футболшылардың ерекше көзге түскенін айта кету керек.
Жексенбі күні бесінші тур аясында «Астана» — «Тобыл», «Жетісу» — «Шахтер» кездесулері өтеді.