Футболдан Қазақстан кубогында «Астана» «Шахтерден» ірі есеппен басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі екінші туры басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Екінші турдың алғашқы ойын күнінде алматылық «Қайрат» сырт алаңда «Атырауды» 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ойын барысында атыраулық клубтан Матеус Бисси 15, 83-минуттарда мергендік танытты.

Оған «Қайрат» сапынан Андрей Ульшин 19, Әділет Садыбеков 43, Виктор Васин 57-минуттарда үш голмен жауап қайырды.

Екі жеңістен кейін алматылық команда алты ұпаймен А тобында көш бастап келеді.

Енді аталған топта 17 шілдеде «Ордабасы» (Шымкент) пен «Ақсу» (Павлодар облысы) командалары кездеседі.

Бүгін D тобында елордалық «Астана» қарағандылық «Шахтер» (Қарағанды) командасынан 5:2 есебімен басым түсті.

Ойын барысында елордалық клубтан Пердро Эуженио 17, Рай Влут 42, 45, Юрий Перцух 51, 92-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ал «Шахтер» сапынан Эдин Рустемович 36, Евгений Кобзарь 87-минутта гол соқты.

Енді аталған топта «Тұран» (Түркістан) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, В тобында 16 шілдеде «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайсар» (Қызылорда), 17 шілдеде «Ақжайық» (Орал) пен «Каспий» (Ақтау) жасыл алаңға шығады.

Ал С тобында 16 шілдеде «Тараз» бен «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе» командалары ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Чемпиондар лигасында «Тобыл» «Ференцварошқа» жол берген еді.


Соңғы жаңалықтар