17:31, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Футболдан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері тағайындалды
АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақстанның футболдан жастар құрамасының бас бапкері болып Антон Шох тағайындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жаттықтырушыны бүгін Алматыда Қазақстан Футбол федерациясында өткен баспасөз мәслихатында ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжанов таныстырды. Айта кетелік, Антон Шох бұған дейін де еліміздің жастар құрамасын жаттықтырған болатын. «Жастар құрамасын жаттықтыру туралы келісімшарт мерзімі 2010 жылға дейін бекітілді. Яғни бүкіл іріктеу кезеңінде жұмыс істейтін боламын. Бапкер ретінде бұрынғы кеткен қателіктерге жол бермей, командаға талантты ойыншыларды тартуға тырысатын боламын. Қандай да бір уәде беру әлі ертерек, бірақ жастар құрамасының ойын деңгейін көтеру жолында күш аямай еңбек ететінім сөзсіз», дейді А. Шох.Бас бапкер 2011 жылы өтетін Еуропа жастар чемпионатының іріктеу турниріне тыңғылықты дайындалу бүгінгі таңдағы басты мақсат екендігін айтты. Соның ішінде алғашқы ойын ? Израиль құрамасымен болатын бәсекеге қамдануды қолға алмақ.Бұған дейін, Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасын Бернд Шторк жаттықтырған болатын. Ол 2009 жылдың қаңтар айынан бастап ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне ауысты.