Футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы жарысын аяқтады
АСТАНА. Қазанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы ойынын сырт алаңда Швеция құрамасымен ойнап, 5:1 есебімен ұтылып қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осылайша сегіз ойынның екеуінде тең түсіп, біреуінде жеңіске жетіп, бесеуінде жеңіліп қалған жерлестеріміз 5 ұпаймен әзірге өз тобында төртінші орында келеді және тиісінше олар плей-офф кезеңіне шыға алмады. Айта кетейік, Қазақстанның жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетті. Бұл топтағы жарыс келер жылы қыркүйектің 7-де аяқталады.
Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-де басталған, 2010 жылғы қыркүйектің 7-де аяқталатын іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.