Футболдан ұлттық құрама оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияға аттанады
АЛМАТЫ. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпанның 23-і күні Түркияда футболдан ұлттық құраманың биылғы жылдағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас бапкер Бернд Шторк оған ел чемпионатында өнер көрсететін 21 спортшыны шақырып отыр. Олардың арасында "Локомотив" клубынан - 8, "Ақтөбе" мен "Шахтерден" төрт-төрттен, "Тобылдан" - 2 және "Ертіс", "Ордабасы", "Тараз" клубтарынан бір-бір ойыншы бар. Ұлттық құрама сапында өнер көрсету жағынан бұлардың арасында қақпашылар арасында - Александр Мокин (11), қорғаушылар арасында - Фархадбек Ырысметов (31), жартылай қорғаушылар арасында - Андей Карпович (44), шабуылшылар арасында - Андрей Финонченко (12) алда келе жатыр. Ал қақпашы - Андрей Сидельников пен Александр Григоренко, қорғаушы - Дмитрий Шомко, жартылай қорғаушы - Аслан Дарабаев, Иван Шевченко, Руслан Кенетаев, Ұлан Қонысбаев пен Михаил Рожков бұған дейін құрама сапында мұндай мүмкіндікке ие болған жоқ. Жалпы бұл оқу-жаттығу жиыны кезінде Антальяда наурыздың 3-і күні Қазақстан мен Молдованың ұлттық құрамалары арасында жолдастық кездесу өтеді.