Футболистер биі: СҚО-дағы ауыл ерекше биімен көпшілікке танылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Көкалажар ауылының тұрғындары бимен ерекшеленді. Жарты ғасыр бұрын елді мекенде пайда болған бұл би бүгінде дәстүрге айналып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. 

Футболистер биі: СҚО-дағы ауыл ерекше биімен көпшілікке танылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде қыз ұзату тойынан бейнежазба тарады. Бұл жолы тойдағы би көпшілікті тәнті етті. Қалыңдық, үлкен-кішісі — барлығы 30-40 шақты адам ортаға шығып, барлығы «футболистер биі» деп аталған көңілді биді биледі.

Елді мекен тұрғыны Гүлбаршын Топинаның айтуынша, бұрын Гавриловка, қазір Көкалажар деп аталған ауылда спорт бірінші орында тұрған. Әсіресе футболистер командасы мықты болған екен. Бұл би осындай кезекті жеңістен кейін өмірге келеді.

— Команда жеңіп келгеннен кейін үнемі үлкен мереке болатын. 1970 жылдары мен ауылдық клубта жұмыс істедім. Бірде би кезінде жігіттер бірдей қимыл-қозғалыс жасады. Кейін кездескен сайын осы биді міндетті түрде билейтін болды, билеушілер қатарына футболистердің әйелдері, достары, балалар қосылды, — дейді Гүлбаршын Топина.

Гүлбаршын Топина қазір ауылда кітапханашы болып еңбек етеді. Айтуынша, уақыт өтсе де, би ұмыт қалған жоқ, қазір ол жастардың да сүйікті биіне айналған.

— Қазір қандай той болмасын, ауылда, қалада болсын — басымыз қосылғанда билейміз. Ерлі-зайыпты Серік-Манар Сатиевтер, Орынбай Сатиев, Николай Гурин және басқалары алғашқы бишілеріміз болды. Қазір зейнеткер, жастары жетпістен асқан. Бүгінде қатарға олардың немерелері қосылды, — дейді ауыл тұрғыны.

Бір кезде 900-ге жуық тұрғыны бар ауыл, соңғы жиырма жылда үш рет қысқарған. Бірақ спортқа деген қызығушылық сақталып қалыпты.

— 70-80 жылдары ауылда футбол және қазақша күрес қатты дамыды. 2000 жылдары шаңғы спортына қызығушылық артты. Бірақ жаттықтырушы Көкшетау қаласына көшіп кетіп, орнына грек-рим күресінен Қизат Айтқожин деген бапкер келді. Қазір ол ұлттық спорт түрлерін дамытып жатыр. Біздің көкпаршыларымыз аудандық құрамаға енген. Жігіттеріміз бәйгеден де жетістіктерге жетіп жүр, — дейді Гүлбаршын Топина.

Ауыл әкімдігінің мәліметінше, қазір Көкалажарда 300-ден астам адам тұрып жатыр. Басқа елді мекендерге қарағанда әлеуметтік жағдай жасалған, орта мектеп, медпункт, әкімдік, пошта, кітапхана, екі музей жұмыс істейді.

Бұған дейін тек құлпытас жасаумен айналысатын СҚО-дағы ерекше ауыл туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар