Футзал: Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропаның қола жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионатының қола жүлде үшін бәсекесінде Қазақстан құрамасы алаң иелерімен күш сынасып, 5:2 есебімен жеңіске жетті.
None
None

Ойынның бірінші таймы командалардың алма-кезек шабуылымен өтті. Чемпионаттың мерген ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов пен Михаил Першиннің тепкен доптары қақпа маңдайшасынан қайтса, сербиялықтардан Владимир Разич алға шығып кеткен Игитадан допты асыруға тырысты. Бірақ Лео баспен допты дер кезінде қайтара білді. Дегенмен бірінші тайм бітуге оншақты секунд қалғанда, сербиялық қақпашы Миодраг Аксентиевичті қапы қалдырған Дуглас есеп ашып, Қазақстанды алға шығарды.

Екінші тайм алаң иелерінің шабуылымен басталғанымен, бір минут өтер-өтпесте Серік Жаманқұлов сол қапталдан осы біріншіліктегі алтыншы добын соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Мергендік жағынан Серік португалиялық Рикардиньомен теңесті. Бұдан кейін Александр Довгань қақпашымен жеке-дара шыққанымен, өз мүмкіндігін пайдалана алмады.
Көп ұзамай Дуглас оң қапталдан суырылып шығып, тағы да мергендік танытты. Осыдан соң сербиялықтар қақпашысын алып тастап, ойнауға көшті. Бірақ олардың бұл тактикасы өзін-өзі ақтамады. Допты қақшып алған Игита өз қақпасының маңынан әуелете соғып, дәл көздеп, төртінші голдың авторы атанды. Бұдан кейін Дуглас өзінің осы ойындағы үшінші добын соқты. Матч аяғына таман сербиялықтар Стефан Ракич пен Слободан Райчевич есепті 5:2-ге дейін қысқартты.

Сөйтіп білікті бапкер Какаудың шәкірттері Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, айды аспанға шығарып, қола жүлдегер атанды. Әсіресе, олар ширек финалда Еуропа чемпионы Италия құрамасын жеңіп, сенсация жасады.

Алтын жүлде үшін Еуропаның алты мәрте чемпионы Испания мен осы біріншіліктің қос дүркін күміс жүлдегері атанып үлгерген Ресей құрамалары таласады.

Еске сала кетейік, енді қазақстандықтар өзара бәсекеде Польша құрамасымен 14 қыркүйек - 2 қазанда Колумбияда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салады. Какаудың шәкірттері бірінші ойынды 22 наурызда сырт алаңда өткізсе, содан кейін 12 сәуірде өз алаңында қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар