Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен «Семей» 1/4 финалдағы алғашқы ойынын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – 23 ақпанда футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалдық кезеңінде қазақстандық «Қайрат» пен «Семей» командалары алғашқы ойындарын өткізеді. 

Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен «Семей» 1/4 финалдағы алғашқы ойынын өткізеді
Фото: «Қайрат» футзал клубы

Алматылық команда сағат 20:00-де өз алаңында Испанияның «Картахенасымен» кездессе, 00:30-да семейлік клуб сырт алаңда Францияның «Ницца» клубымен шеберлік байқасады. Екі кездесу де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетсек, 1/8 финалда «Қайрат» Бельгияның «Андерлехт» клубын (7:3, 5:3) қапы қалдырса, «Семей» Польшаның «Пяст» командасын (3:3, 5:3) жеңіп, келесі кезеңге шықты. 

Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді. Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінді. Командалар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығында өз алаңында және сырт алаңда бір-бір кездесуден өткізді.

Енді 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі. Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум