Футзалдан Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы жаңа қызметке тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер құрамында өзгеріс болды. Дінмұхамбет Сүлейменов бас бапкердің ассистенті қызметіне тағайындалды.

Танымал футзалшы Дінмұхамбет Сүлейменов жаңа қызметке тағайындалды
Фото: ҚФФ

Сүлейменов бұған дейін де бас бапкер Какаудың жетекшілігімен ұлттық құрамамен және «Қайрат» клубымен бірге өнер көрсетіп, бірқатар жетістікке жеткен. Енді олар бапкерлік құрамда қайта бірігіп, команданың дамуына атсалысады.

Дінмұхамбет 1981 жылы дүниеге келген. Кәсіби мансабында 20 жылдан астам уақыт бойы еліміздің түрлі клубтарында ойнады. Оның ішінде 10 жылға жуық алматылық «Қайрат» командасының намысын қорғады. Танымал футзалшы Қазақстанның 9 дүркін чемпионы және үш мәрте күміс және қола медаль иегері болды.

Ол сондай-ақ Еуропа чемпионатының қола жүлдесін иеленіп, екі мәрте UEFA кубогының жеңімпазы атанған.

2022 жылы Д.Сүлейменов ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін бапкерлік қызметке келді. Бүгінге дейін ол ақтаулық «Каспий» клубына жетекшілік етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дінмұхамбет Сүлейменовтің «Тараз-Омега» футзал клубына бас бапкер болғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар