Г.Марченко ресейлік телеарнаға Қазақстан экономикасының табысты тұстары туралы айтып берді

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстанның экономикалық өсімі Ресейге қарағанда, 1,5 есеге артық болып тұр. Ресейдің «РБК» телеарнасына сұхбат берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко осылай айтты.

Г.Марченко ресейлік телеарнаға Қазақстан экономикасының табысты тұстары туралы айтып берді
«Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бізде тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі әлдеқайда көп болып тұр. Егер жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шағатын болсақ, онда ол Ресей көрсеткішінен екі есеге асып кетеді. Екіншіден, біздің көп жылдар бойы айтып келе жатқан зейнетақы реформамыз бар. Бізде халықтың 10 пайызы - зейнетақыны алатын азаматтар, ал Ресейде 30 пайыз болған-ау деймін. Сондықтан Ресей жерінде әлеуметтік қамсыздандыруға кететін шығынның көлемі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Демек, ресейлік бюджеттің біраз бөлігі инвестицияға емес, әлеуметтік төлемақы жүйесіне бағытталды. Үшіншіден, Қазақстанның зейнетақы қорларында 23 млрд. доллардан астам қаражат жинақталды. Бүгінде олар ірі инвесторларға айналып, өз қаржысын экономикаға салып жатыр. Осының барлығы - Қазақстан экономикасының табысты дамуының негізі», - деп атап көрсетті Г.Марченко.