G7 Израильге қолдау білдіріп, Иранды Таяу Шығыстағы басты қауіп көзі ретінде атады

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — «Үлкен жетілік» елдері дүйсенбі күні кешке жариялаған мәлімдемеде Израильге қолдау білдіріп, Иранды Таяу Шығыстағы тұрақсыздық көзі деп атады. G7 көшбасшылары өңірдегі қақтығысты бәсеңдетуге шақырды, деп жазды Reuters агенттігі.

G7 Израильге қолдау білдіріп, Иранды Таяу Шығыстағы басты қауіп көзі ретінде атады
Фото: Reuters

Жұма күні Израиль Иранға әуе шабуылын жасап, бұл екі ел арасындағы ашық қақтығысқа ұласты. Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі шиеленісе түсті. Өңір қазан айында Израильдің Газадағы әскери операциясынан бері онсыз да қатты алаңдаулы болатын. 

— Біз Израильдің өзін қорғауға құқығы бар екенін растаймыз. Израиль қауіпсіздігін қолдайтынымызды тағы да мәлімдейміз. Иран — аймақтағы басты тұрақсыздық пен терроризм көзі. Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс, — деп атап өтті G7.

Израиль жұма күні Иранға қарсы шабуылды Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу мақсатында алдын ала жасалған соққы деп түсіндірді. Содан бері екі тарап өзара шабуылдарын жалғастырып келеді. Иран ресми өкілдері 220-дан астам адамның қаза тапқанын хабарлады, олардың басым бөлігі — бейбіт тұрғындар. Израиль де 24 бейбіт тұрғыны қаза тапқанын растады.

Иран ядролық қаруға ұмтылатынын жоққа шығарып, бейбіт мақсаттағы ядролық технологияны дамытуға құқылы екенін айтады. Ол Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекет.

Израиль — Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылмаған жалғыз Таяу Шығыс елі және ядролық қаруы бар мемлекет ретінде кеңінен танылған. Алайда Израиль бұл ақпаратты ресми түрде не растамайды, не жоққа шығармайды.

Президент Дональд Трамп Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Канададағы G7 саммитінен ерте кетіп, Вашингтонға оралуды жоспарлады. АҚШ әзірге Израильдің Иранға жасаған шабуылдарына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ Трамп жұма күні АҚШ бұл шабуылдар туралы алдын ала білгенін айтты.

Вашингтон Тегеранға АҚШ мүдделеріне немесе қызметкерлеріне шабуыл жасамау туралы ескерту жасады.

— Иран дағдарысын реттеу Таяу Шығыстағы жаһандық қақтығыстарды, соның ішінде Газадағы соғысты тоқтатуға жол ашуы тиіс, — делінген G7 мәлімдемесінде. 

Онда сонымен қатар, энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін үйлесімді жұмыс жүргізуге дайын екені де айтылған.

Дүйсенбі күні Израиль Иран мемлекеттік телеарнасының ғимаратына соққы жасады. Ал Трамп әлеуметтік желіде «барлық адам Тегераннан дереу эвакуациялануы керек» деген жазба жариялады.

Сол күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа байланысты Ұлыбритания, Франция және ЕО-дағы әріптестерімен телефон арқылы сөйлесті.

АҚШ Трамптың Иранмен ядролық келісімге қол жеткізуге ұмтылысы жалғасып жатқанын растады.

Ал Иран тарапы Израиль соққыларынан кейін Ядролық қару таратпау келісімінен шығамыз деп қорқытты.

Соңғы жаңалықтар