Гаага сотының экс-прокуроры Канадада генерал-губернатор қызметіне тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Канада премьер-министрі Марк Карни елдің болашақ генерал-губернаторы қызметіне заңгер Луиза Арбурды тағайындады. Ол бұрын Бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибунал прокуроры қызметін атқарған кезде Сербия президенті Слободан Милошевичке айып таққан, деп хабарлайды ВВС.

Луиза Арбур
Фото: UN News

79 жастағы Луиза Арбур бұл қызметте қазіргі генерал-губернатор Мэри Саймонды алмастырады. Ол бес жыл бұрын Канада тарихында алғаш рет жергілікті халық өкілі ретінде осы лауазымға келген еді.

Канадада Саймон француз тілін жеткілікті деңгейде білмегені үшін сынға ұшыраған. Ал Карниден елдің екі ресми тілін – ағылшын және француз тілдерін еркін меңгерген кандидат тағайындау талап етілген. Луиза Арбур бұл талапқа толық сәйкес келеді.

Генерал-губернатор – Канададағы тәждің өкілі (қазіргі кезде – Карл III) және монарх атынан мемлекет басшысының міндетін атқарады. Әдетте оның өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Сейсенбі күні премьер-министр Арбурды бүкіл өмірін әділ шешімдер қабылдауға, терең білімге және заң үстемдігіне адалдыққа арнаған тұлға ретінде сипаттады.

Луиза Арбур Монреаль қаласында (Квебек провинциясы) дүниеге келген. Бұған дейін ол Канада Жоғарғы соты судьясы қызметін атқарған.

Халықаралық деңгейде Арбур Бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибунал және Руанда бойынша халықаралық трибуналдың бас прокуроры болған.

Ол тарихта алғаш рет қызметтегі мемлекет басшысына айып таққан тұлға ретінде белгілі. Арбур сол кездегі Югославия президенті Слободан Милошевичке айып тағып, халықаралық құқық тәжірибесінде маңызды кезеңге жол ашты. Милошевич сот үкімі шыққанға дейін 2006 жылы Гаагадағы түрмеде қайтыс болды.

Айта кетейік, Жапония мен Канада қорғаныс және энергетика саласында серіктестік орнатуға келіскенін жаздық.