Ғабит Мүсірепов әлемінің ғажайыбы ғаламат мол - жазушының 110 жылдығына орай өткізілген дөңгелек үстел

АЛМАТЫ. 15 мамыр. ҚазАқпарат -  Қазақ руханиятындағы Ғабит Мүсі­ре­пов­тің Гималай-биігі өзінің көзі тірісінде де, ба­қи­ға көшкеннен кейін де халайық-қауым­­ды тамсандырып, таңдандырудан танған емес,
None
None

деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті. Осынау бекзат тұлға көзден кетсе көңілден өшірер уақыт бұйрығына бас шұлғитындар са­­натына жатпайды. Өзі де, сөзі де асыл Ға­беңнің елін сүйген ерек жүрегіне, Алатаудай абыройды сыйғызған байтақ омырауына құр­мет­пен қа­рап сүйіну де уақыт еркінен тысқары.

Замандастары Ғ.Мүсіреповті көркем сөз­дің зергері деген атаққа бірден-бір лайықты суреткер деп бағалаған-ды. Қазіргі ұрпақ үшін де Ғабит әлемінің ғажайыбы ғаламат мол. Мұның өзі классик жазушының биылғы 110 жылдығы тұсында айғақтала түсуде. Жақында Алматы қаласының мәдениет бас­қармасы және С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіре­пов­тің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұра­жай кешені ұйымдастырып өткізген «Бояулы сөз, әсерлі сөз, үнді сөз» атты дөңгелек үстелде де сұлулық пен ізгілікке құштар Ғабеңнің басты мұраты ұлт рухының өлмеуі болғандығы әңгімеге алтын арқау етіп алынды. Аталмыш мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қай­­­­­ырбеков, «Қазақ энцикло­пе­дия­сының» бас редакторы Бауыржан Жақып, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының бөлім меңгерушісі Серікқазы Қорабай, Абай атын­да­ғы ҚазҰПУ профессоры Темірхан Тебе­ген­ұлы, «Мұқағали» жур­на­лының бас редакторы Батық Мәжитұлы және басқалар Ғабең ғиб­раттары жайлы ұлағатты пайымдарын ортаға салды. Ақсақал ақын Мыңбай Рәш қызықты естеліктер айтты. «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясын шығару жөнінде басталып кеткен жұмыстарды орайымен үйлестіру, жандандыру жөнінде пікір алысылды.

Одан соң «Ғажайып Ғабең» кітабының тұсаукесері осы тағылымды жиынның көр­кін келтіре түсті. Бұл кітапқа арғы-бергі қа­зақ ақындарының атақты сөз зергеріне әр жы­л­дарда, 1950 жылдан бергі 60 жылдың ұзын ырғасында арнап жазған әралуан өлең-жыр­­­лары топтастырылған екен. Кенен Әзірбаев, Ғали Орманов, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәу­ленов, Ғафу Қайырбеков, Еркеш Ибра­һим, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағ­а­ли­ев, Фариза Оңғарсыновалардан бастап Ға­бе­ңе ақ тілегін ақтармаған ақын жоқ сияқты. Тегінде, ең көп өлең арналған белгілі тұлға­лардың бірегейі де Ғабең болса керек. Мұн­дағы шын жүрек, шынайы тілектен шыққан жырлар сырбаз суреткерге деген халық сүй­іс­пеншілігінің белгісіндей десек, қателеспеспіз.

Ғабеке, анда-санда Сізді көрем,

Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем.

Еліктеп өзіңізге есім кетіп,

Көгендеп ақ қағазқа тіздім өлең.

Мейіріммен қарайтын Сізді көрем,

Басқалар үміттерін үзді менен.

Иә, бұл тебіреністі шумақтардан Ғабең­нің Мұқағалимен де мұңдас болып, ақын жанын терең түсінгені байқалады. Соның бір айғағы қазір Қарасаздағы Мұқағали музей­ін­де тұрған, қазақ жырының пырағына Ғабең сыйлаған алтын қалам.

Алыптар тобының аса көрнекті өкіліне арнаған өлеңдерін ақындар осы жиында да оқыды. Ғабеңнің қызы Гүлнәр Мүсірепова, жиені Сәуле, інісінің қызы Жанат Әшімқызы сағынышқа толы жүрекжарды перзенттік лебіздерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар